Елордалық оқушылар арасында құқықтық хакатон өтті

Бүгін, 10:02
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордалық оқушылар арасында құқықтық хакатон өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордадағы №93 мектеп-лицейінде 9-11-сынып оқушыларына арналған құқықтық хакатон ұйымдастырылды. Іс-шара жобалық жұмыс форматында өтіп, мектеп оқушылары арасында құқықтық білімді насихаттауға, сондай-ақ шығармашылық ойлау мен командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Хакатонға қатысушылар командаларға бөлініп, түрлі құқықтық жағдайларды талдап, оларды шешу жолдарын ұсынды. Оқушылар өз жобаларын әзірлеп, практикалық тапсырмаларды орындап, алған білімдерін іс жүзінде қолданды.

Іс-шара барысында құқықтық сауаттылықты арттыруға және өмірлік жағдайларға негізделген шешім қабылдау қабілетін дамытуға ерекше назар аударылды.

Кейстермен жұмыс істеу қатысушыларға құқық саласындағы білімдерін тереңдетіп қана қоймай, коммуникация және сыни ойлау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылар оқушылардың жоғары қызығушылық танытып, жұмысқа белсенді қатысқанын атап өтті.

№68 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, хакатонның ерекшелігі туралы айтып берді.

«Құқықтық хакатон қысқа форматта өткізіледі. Оның тақырыбы – «72 сағат қауіпсіздік». Іс-шараның басты мақсаты – қазіргі қоғамдағы қауіпсіздікті арттыру және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға, әсіресе қарт адамдарға көмектесу. Қазір алаяқтық фактілері жиі кездеседі. Сондықтан қатысушылар осы мәселелердің шешу жолдарын ұсынуы керек.

Оқушыларға төрт тақырып берілді. Соның бірі – өрт, ұрлық немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде полицияны жедел хабардар етуге арналған дабыл түймелерін жетілдіру.

Тағы бір бағыт – интернет-алаяқтықтың алдын алу. Көп жағдайда алаяқтар қарт адамдарға қоңырау шалып, банк карталарының деректерін алуға тырысады. Оқушылар мұндай жағдайлардың алдын алуға көмектесетін бағдарламалар немесе модельдер ұсынуы тиіс.

Барлық қатысушыға интернетке қолжетімділік берілді. Олар жасанды интеллектіні пайдалана алады және өздері таңдауына қарай телефонға немесе компьютерге арналған қосымша әзірлеуі қажет. Тапсырманы орындауға бір сағат уақыт бөлінді. Осы уақыт ішінде оқушылар өз идеялары мен шешімдерін ұсынуға тырысады», – деді ол.

Құқықтық хакатон идея алмасуға, жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды. Сонымен қатар іс-шара оқушыларға өз қабілеттерін көрсетіп, өзекті құқықтық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын таныстыруға мүмкіндік берді.