Астанада кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейд өткізілді

Астанада кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейд өткізілді
Фото: Жансая Таңырқұл

Астана қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі профилактикалық рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шара елорданың «Алматы» ауданы прокуратурасының бастамасымен өткізіліп, оған полиция басқармасы мен аудан әкімдігі өкілдері қатысты.

Рейд барысында «Алматы» ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры, 1-сыныпты заңгер Ботагөз Секенова түсініктеме беріп, аталған шараның негізгі мақсаттары мен міндеттерін атап өтті.

«Рейдтің басты мақсаты - кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту. Сонымен қатар жасөспірімдердің заңсыз немесе қауіпті жағдайларға тап болуын болдырмау көзделеді», – деді Ботагөз Секенова.

Іс-шара барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүру фактілерін анықтау, сондай-ақ ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу негізгі міндеттердің бірі болды.

Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз болуына тыйым салынған. Ал сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында ересектердің қарауынсыз жүруіне жол берілмейді. Бұл талаптардың сақталуы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Рейд барысында компьютерлік клубтар, кинорумдар, сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар, аулалар және жастар жиі жиналатын өзге де қоғамдық орындар тексерілді. 

Нәтижесінде түнгі уақытта жалғыз жүрген 15 жасөспірім анықталып, кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданды.

Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Мамандар жазғы демалыс кезеңінде ата-аналарға балалардың бос уақытын қадағалап, олардың қайда және кіммен жүргеніне ерекше назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ интернет қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелері және судағы қауіпсіздік мәселелері де басты назарда болуы тиіс екені айтылды.

Қалалық прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай профилактикалық рейдтер жаз мезгілінде тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл - жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Авторы: Альмира Қасқырбаева