Табысы төмен отбасыларға алты жылда 77 мыңнан астам жалдамалы пәтер берілді

8 тамыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Табысы төмен отбасыларға алты жылда 77 мыңнан астам жалдамалы пәтер берілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша табысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, жалдамалы тұрғын үйлер салынуда, ипотека субсидияланып, жеке тұрғын үй құрылысына (ЖТҚ) арналған жер телімдері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, соңғы алты жылда тұрғын үй құрылысына 15,4 трлн теңге бағытталған. 2025 жылдың алғашқы алты айында құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгені құрады.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында елімізде 2029 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Оның аясында жалдамалы тұрғын үй салудан бастап ипотекалық несиелерді субсидиялауға және жер телімдерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дейін бірқатар қолдау шаралары қарастырылған.

Осылайша, 2019 жылдан бастап 2024 жылға дейін ел бойынша 77 357 жалдамалы пәтер салынды және сатып алынды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жалдамалы тұрғын үй қоры тағы 515 пәтермен толықты.

Мемлекеттік қолдаудың тиімді құралдарының бірі – «Отбасы банк» арқылы берілетін жеңілдетілген ипотекалық несиелер. 2019-2024 жылдар аралығында 2%-дық мөлшерлемемен 22 022 несие, ал 5%-дық мөлшерлемемен 58 450 несие берілді. 2025 жылдың бірінші жартысында 2%-дық мөлшерлемемен тағы 1 245 несие және 5%-дық мөлшерлемемен 1 893 несие берілді.

Жеке тұрғын үй құрылысына арналған инфрақұрылымды дамыту ерекше назарда. 2019-2024 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысына арналған 183 500 жер телімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.