Өмірді сақтандыру не үшін қажет


Сақтандыру дегенде ең алдымен заңға сәйкес міндетті жүргізілетін көлік, жылжымайтын мүлік және медициналық сақтандыру түрлері еске түседі. Дегенмен қазір халық арасында ерікті түрде өмірді сақтандыру түсінігі қалыптасып келеді. Жалпы, өмірді сақтандыру не үшін қажет? Оның артықшылығы неде? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына сақтандыру компаниясының төрайымы Жанар Жұбаниязова жауап берді.
- Жанар Әділбекқызы, өмірді сақтандыру деген не және ол не үшін қажет?
- Өмір болған соң кез келген уақытта күтпеген оқыс жағдай болуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығы құнсыз. Отбасымыздағы тыныштық пен береке, балаларымыздың болашағы бәрімізді алаңдатады. Мұндай кезде сақтандыру бағдарламалары жақсы құрал болады. Өмірді сақтандыру полисі қаржылық шығындардан қорғауға көмектеседі. Сақтандырушы өмірден озған жағдайда немесе мүгедектік болып қалып, табысын жоғалтса, сақтандыру компаниясы барлық міндетті өз мойнына алады. Егер өмірі сақтандырылған адам өмірден өтіп кетсе, онда сақтандырушы компания оның пайда алушысына жинап үлгерген сомасын бермейді. Керісінше жинақтау мерзімі ішінде жинауы керек соманы береді. Мысалы, клиент кеше 10 жылға айына 20 000 салып отыратын шарт жасап, бүгін қайтыс болып кетсе, осы сәтте баласы 20 000 теңге емес, шамамен 2 000 000 аса төлем алады.
- Ал өмірді сақтандырудың қандай түрлері бар?
- Біздің компанияны алсақ, қаражат жинау үшін үш түрлі бағдарлама қарастырылған. Балаға жоғары білім беру үшін «Келешек» жүйесі бойынша арнайы бағдарлама жұмыс істейді. Обыр ауруынан сақтану үшін бөлек бағдарлама ашқан абзал. Оған жылына 140 долларға сақтандыру полисін ашып, жаман ауруға шалдыққан жағдайда 100 000 долларға тең ем-шарасын алуға болады. Сонымен қатар балаға арналған сақтандыру полисі бар.
- Неше жастан бастап өмірді сақтандыруға болады?
- Сәби дүниеге келгеннен бастап 65 жасқа дейін өмірді сақтандыруға болады. Сақтандыру шарты аяқталған кезде сақтанушының жасы 70 жастан аспауы керек. Өмірі мен денсаулығын сақтандыруға кез келген азамат өтініш бере алады. Компания клиенттердің өтініштерін жеке қарайды. Тәуекелдерді есептейтін мамандар шешім қабылдайды. Белгіленген критерийлер бойынша, мысалы, денсаулығына байланысты өтпесе, сақтандыруға алынбайды.

- Егер сақтандырылушы қайтыс болса, жинақ соммасы кімге беріледі?
- Шарт жасасу барысында сақтанушы пайдаланушыны, яғни мұрагерді өзі белгілеп кетеді және қаражат тек сол адамға тиесілі болады. Сақтандыру жағдайы орын алғанда төлемді пайда алушы кәмелеттік жасқа толғанда ала ма немесе заңды өкілі, қамқоршысы ала ма - бәрін өзі белгілейді және соған сай компания төлем жасайды.
- Жанар Әділбекқызы, сақтандыру компаниясын таңдағанда неге назар аудару керек?
- Өмірді жинақтаушы сақтандыру әртүрлі өмірлік жағдайлардан, яғни өліммен, дене жарақатымен, мүгедектікпен, ауыр сырқатпен байланысты тәуекелдерді бақылау үшін халық пайдаланатын негізгі қаржы құралына айналуы тиіс. Сонымен қатар баланың білім алуына, тұрмыс жағдайын жақсартуға, жаңа көлік сатып алуға, саяхаттауға, тіпті зейнеткерлікке шыққандағы қауіпсіз өмірге де капитал жинауға қажет.
Полис ресімдеу арқылы әр адам өз ақшасын, өз қорғаныстарын компанияға сеніп тапсырады. Сондықтан клиент сақтандыру компаниясының рейтингтегі орнына, қанша жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқанына, жан-жақтылығы мен әмбебаптығына мән беруі қажет. Компанияның әмбебаптығы пайдаланушының қолайлы бағдарламаны таңдауына мүмкіндік береді.Сақтандыру полисі клиентке ауыртпалық түсірмейді, керісінше оның қорғаныс құралы болып, ақша жинақтауына мүмкіндік береді.
- Сұхбатыңызға рақмет!



