ҰҚК фармацевтика саласындағы заңсыз схеманы тоқтатты
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Медициналық бұйымдарды отандық өндіруді жалған көрсетуге негізделген ауқымды схема әшкереленіп, жолы кесілді.
«OrdaMed АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісінің бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 атаудағы медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған.
Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген.
Нәтижесінде мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген», - делінген хабарламада.
Тінту шаралары барысында OrdaMed АҚ басшылығынан құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді, Interdentica, Erkin Brand және OrdaMed компанияларындағы қатысу үлестері тыйым салынған.
Сот санкциясымен OrdaMed АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін елімізде төрт жаңа фармацевтикалық зауыт салынатынын жаздық.