Елімізде зейнетақының ең төменгі мөлшері қандай

Бүгін, 14:25
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Елімізде зейнетақының ең төменгі мөлшері қандай
Фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылдың қорытындысы бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 143 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 549 теңге, базалық зейнетақы – 47 594 теңге, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

2025 жылдың басынан бері базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға оза отырып ұлғайтылды.

Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Осылайша, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.

«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10%-ға артты.
Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды, бұл – күнкөріс минимумының 70%-ы, ал ең жоғары мөлшері күнкөріс минимумының 110%-нан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңге болды», - деп жазылған хабарламада.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

«Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 110% белгіленеді», - деп жазылған министрлік таратқан ақпаратта.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды. Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Бұған дейін 2025 жылы 276 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілгенін жаздық.