Отбасының цифрлық картасы: былтыр 276 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді

Бүгін, 09:50
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Отбасының цифрлық картасы: былтыр 276 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылы Отбасының цифрлық картасы арқылы 529,6 мың адамға SMS-хабарлама жолданды. 276,2 мыңнан астам адам өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады. Бүгінде онда Қазақстанның 20 млн азаматы немесе 6,2 млн-нан астам отбасы туралы ақпарат жинақталған.

«Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді.

Олар еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем; Бала туу мен күтіміне жәрдемақы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі, «қандас» мәртебесі берілгенде немесе ұзартылғанда мәртебенің аяқталу мерзімі және жұмыссыз адамдар үшін жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар іске асырылды.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет.

Барлық сұрақтар бойынша 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

Бұған дейін 2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына бюджет шығыстары 15,1%-ға өскенін жаздық.