JolTap астаналықтарға еңбек нарығында өз орнын табуға жол ашып отыр – жобаға қатысушы

Бүгін, 09:12
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
JolTap астаналықтарға еңбек нарығында өз орнын табуға жол ашып отыр – жобаға қатысушы
Коллаж: Elordainfo.kz

JolTap жобасы – жұмыссыз немесе жаңа бағытта дамығысы келетін азаматтарға арналған әлеуметтік бастама. Мұнда қатысушылар бүгінде сұранысқа ие бағыттарда тегін әртүрлі мамандық бойынша курстарды оқиды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба аясында курстардан өткендердің бірі – астаналық 36 жастағы Әсел Нусюпова.

«Мен қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын. Негізгі мамандығым – киім дизайнері. Елордадағы ательелер мен киім фабрикаларында жұмыс істедім. Ал бала күтімі демалысы уақытында әлеуметтік желіден Joltap жобасы жайлы естідім. Бірден ресми парақшасына өтіп, оқытатын мамандықтардың тізімін көріп, қуанып кеттім. Содан үйімізге жақын орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктіне барып, ұнатқан курсыма жазылдым», - деді жобаға қатысушы.

Ол сайт жасау бойынша сайт құрастыру, дайын платформалармен жұмыс істеуді және т.б. маңызды әрі қажетті дүниелерді меңгерген.

«Бүгінде бизнестің қандай түрі болмасын әлеуметтік желідегі парақшаларды дұрыс жүргізе білу қажет. Сондықтан мен жоба арқылы екінші мамандық SMM курстарын да оқып алдым. Мұнда біз парақша жүргізу, контент жоспарлау, аудиториямен жұмыс, жарнама негіздерін және т.б. үйрендік», - деп бөлісті ол.

Елордалық келіншек оқу барысында теорияны практикамен ұштастырып, түрлі тапсырма орындаған. Сөйтіп, ол өзінің шағын жобаларын жасап, портфолиоға жинақтаған.

«Оқытушылар – өз саласы бойынша жұмыс істеп жатқан көпжылдық тәжірибесі бар мамандар. Әр тақырыпты өзінің күнделікті қызметінде кездескен дүниелермен байланыстырып түсіндірді. Осылайша сабақтар өте қызықты өтті. Жобаның көпшілікке пайдасы мол. Себебі мұнда ұнатқан бағыт бойынша жаңа мамандықты тегін үйренуге болады. Көп уақыт практикаға жұмсалады. Соның нәтижесінде қатысушылар нақты дағдыларды меңгереді. Сондай-ақ біз кәсіби мамандарға сұрақтарымызды қойып, пайдалы кеңестер алдық. Осындай жобаны өткізіп отырған ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», - деді Әсел Әбдімәлікқызы.

Бүгінде елорда тұрғыны осы мамандығы бойынша жұмыс істеп, табыс тауып жүр.

«JolTap жобасы қазіргі таңда астаналықтарға жаңа мүмкіндік сыйлап, еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашып отыр. Әсіресе тегін білім алып, сұранысқа ие кәсіптерді игеремін деушілер үшін таптырмас мүмкіндік», - деп сөзін түйіндеді жобаға қатысушы.