Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді
22-24 сәуір аралығында елордада қоршаған орта мен су ресурстары проблемаларын талқылау және өзекті мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізу үшін мемлекет басшыларын, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың жетекшілерін бір алаңда біріктіретін алғашқы Өңірлік экологиялық саммит өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Қоршаған ортаға қатысты мәселелерді талқылау және мемлекетаралық келісімдерге қол жеткізу үшін Орталық Азия елдерінен, Еуропалық Одақтан, ШЫҰ-нан және Таяу Шығыстан шамамен 1 500 делегат саммитке қатысады деп көзделіп отыр.
Саммитте негізгі 8 тақырып бойынша мәселелер талқыланады. Олар:
Экологиялық жəне табиғи тəуекелдерге бейімделу жəне экономикалық орнықтылық;
Азық-түлік қауіпсіздігі жəне өңір экожүйесі
Табиғи ресурстарды орнықты басқару;
Атмосфералық ауаның ластануымен күрес жəне қалдықтарды басқару;
Экологиялық амбицияларға қол жеткізу тетіктері;
Əділетті жəне инклюзивті өтпелі кезең;
Экологиялық жəне цифрлық құзыреттер;
Климаттық өтуді қолдау.
Саммит аясында Орталық Азия мемлекет басшылары тарапынан ортақ декларация қабылдау жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, 2026 жылы БҰҰ-мен серіктестікте Өңірлік экологиялық саммитті өткізу ұсынысын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы барысында жариялаған болатын.
Саммиттің халықаралық серіктестері: БҰҰ, ЭЫДҰ, ХЭА, ХЖЭА, АДБ, ДБ, ЕҚҚДБ, IWMI, SWITCH-Asia.
Еске сала кетсек, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқыланатынын атап өтті.