Инсульт пен онкологияны диагностикалау үшін елімізде ЖИ-сервистерін қолдану ауқымы кеңейеді

Инсульт пен онкологияны диагностикалау үшін елімізде ЖИ-сервистерін қолдану ауқымы кеңейеді
Фото: freepik.com

Қазақстанда әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалауға және медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған денсаулық сақтаудағы басым ЖИ-жобалардың тізбесі қалыптастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Негізгі бағыттардың қатарына инсульт, өкпе және сүт безі обырын ерте диагностикалау, сондай-ақ жасанды интеллектті қолдана отырып, стоматологиялық суреттерді талдау жатады. Бұл шешімдер қазірдің өзінде практикалық денсаулық сақтау саласында енгізіліп, кеңейтіліп жатыр.

«Бүгінгі таңда отандық медицина мамандары түрлі ЖИ-сервистерді белсенді қолданады. Осылайша, Cerebra 5 өңірдегі II және III санаттағы 9 инсульт орталығында қолданылады, WDsoft шешімі 10 өңірдегі 190 медициналық ұйымда қолданылады, AIDENTIS платформасы 65 стоматологиялық клиникада және 3 медициналық ЖОО-да енгізілді.

ALIMA медицина қызметкерінің ЖИ-ассистенті ел көлемінде 700-ден астам емханада қолданылады», - делінген хабарламада.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы көрсетілген медициналық қызметтердің автоматтандырылған мониторингі, клиникалық шешімдер қабылдауды қолдау, дәрігер мен пациентті хабардар ете отырып, зертханалық талдаулардағы ауытқуларды анықтау, сондай-ақ медициналық ұйымдар мен сұраныс бойынша мамандар туралы өзекті ақпаратты ұсыну үшін ЖИ-агенттерін пысықтауда.

Жобаларды іске асыру 8 графикалық процессорды қоса алғанда, бөлінген ЖИЦДМ есептеу ресурстарын пайдалана отырып, сондай-ақ API-интерфейстерге қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылмақ.

Министрліктің мәліметінше, келешекте SmartЭКГ шешімдерінің негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу, созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау бойынша жобаларды енгізу үшін ЖИ-құралдарын енгізу жоспарланып отыр.

Бұған дейін елімізде жеке медициналық ұйымдарға кешенді тексеру жүргізілетінін жазған едік.