Елімізде жеке медициналық ұйымдарға кешенді тексеру жүргізіледі

Елімізде жеке медициналық ұйымдарға кешенді тексеру жүргізіледі
Фото: freepik.com

Бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына қатысты жеке медициналық ұйымдардың қызметіне кешенді тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде министрлік қаржы мониторингі агенттігімен және басқа да уәкілетті органдармен бірлесіп ТМККК және МӘМС шеңберінде қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдардың қызметіне бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бағалай отырып, кешенді тексеру жүргізеді», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, министрлік медициналық қызметті лицензиялаудың бес жылдық мерзімін енгізуді қарастырып отыр. Сол арқылы медициналық ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсаты қойылған.

Ведомствоның мәліметінше, ол кезең-кезеңімен енгізіледі. Бес жылдық қолданылу мерзімін енгізу 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде қарастырылған.

«Шара кадрлық әлеуетті, материалдық-техникалық базаны және көрсетілетін қызметтердің сапасын тұрақты бағалауға бағытталған. 2026 жылғы қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеуден кейінгі алғашқы үш жылда тексеру жүргізуге тыйым салынады», делінген хабарламада.

Елімізде медициналық қызметке лицензиясы бар 22 905 денсаулық сақтау субъектісі, оның ішінде 8 803 мемлекеттік, 14 102 жеке медициналық ұйым тіркелген.
Еске салсақ, елімізде жеке медициналық және білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктері қайта қаралады.