Полицейлердің көлігін өртеген семейліктің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Полицейлердің көлігін өртеген семейліктің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Абай облысының Полиция департаменті полицейлердің көлігін өртеп жіберген оқиғаға қатысты қосымша ақпарат берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 қаңтарда «Юность» шағынауданындағы әкімшілік аумақты аралау барысында учаскелік полиция инспекторлары бұрын сотты болған, 66 жастағы жергілікті тұрғынды анықтаған. Аталған азамат мас күйде болған, сырт келбеті ұқыпсыз, қоғамдық тәртіпті бұзып, агрессивті әрі адекватты емес мінез-құлық танытқан. Ол учаскелік полиция пунктіне жеткізіліп, заңда белгіленген тәртіппен қоғамдық орында алкогольдік мас күйде жүргені үшін әкімшілік хаттама толтырылған. Құжат рәсімделгеннен кейін ер адам туыстарына тапсырылып, босатылған.

«Полицияның заңды әрекеттерімен келіспеген азамат кейіннен қасақана заңға қайшы әрекеттерге барып, учаскелік полиция инспекторларына тиесілі, учаскелік пункт маңында тұрған екі автокөлікті бензин құйып өртеген. Өрт салдарынан көлік құралдарына ірі материалдық залал келтірілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.

Қазір күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, жасаған әрекетін толық мойындаған. Тергеу қорытындысы бойынша оның әрекетіне қолданыстағы заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Семейде зейнеткер полиция қызметкерлерінің көлігін өртеп жібергенін хабарлаған едік.