Кәмелетке толмаған баласын дұрыс тәрбиелемегені үшін анасына айыппұл салынды
Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және асырау жөніндегі ата-аналық міндеттерді орындамау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сотта 2010 жылы туған кәмелетке толмаған Р.-дың анасы бола отырып, өз ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны анықталды. Атап айтқанда, ол ұлын тәрбиелеуден жалтарған, тұрмыста және қоғамдық орындарда қауіпсіз мінез-құлық қағидаларына үйретпеген, сондай-ақ оның бойында моральдық және адамгершілік құндылықтарды қалыптастырмаған», - делінген хабарламада.
Соның салдарынан кәмелетке толмаған Р. 2026 жылы 9 қаңтарда басқа балалармен бірге теміржолды өтуге арналмаған жерде теміржол жолына шыққан.
Облыстық соттың мәліметінше, бұл әрекеттер «Қостанай – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының шұғыл тежелуіне мәжбүрлеп, қозғалыс қауіпсіздігіне нақты қатер төндіріп, пойыздың апатқа ұшырауын қоса алғанда, ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін еді.
Сот қаулысымен кәмелетке толмаған баланың анасы Р. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 43 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бұған дейін Ақтауда мас күйінде рульде отырып, үш көлікті соққан ресейлік 20 тәулікке қамалғанын жаздық.