Ақтауда мас күйде рульде отырып үш көлікті соққан ресейлік 20 тәулікке қамалды
Ақтауда көлік құралын мас күйде, жүргізуші куәлігінсіз басқарған Ресей азаматы 20 тәулікке қамалды, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты 12 қаңтарда ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Ресей азаматы П.-ға қатысты істі қарады.
«10 қаңтарда Ақтаудың 8-шағын ауданындағы №25 үйдің артында «Haval Jolion» маркалы автокөліктің жүргізушісі, Ресей азаматы П., жүргізуші куәлігінсіз, жеңіл алкогольдік масаю дәрежесінде көлік құралын басқарған. Ол тұрақта тұрған «Toyota Rav4» және «Kia Ceed» көліктеріне, кейін көлік екпінін тоқтата алмай «Mercedes-Benz» автокөлігіне соқтығысып, одан әрі балалар алаңының аумағына кіріп кеткен», - деп жазылған баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сот отырысы барысында шетелдік өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтейтіндігін айтты.
«Сот жасалған кінәні мойындау мен өкінуді жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Сот қаулысымен П. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған жиырма тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», - деп жазылған хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Жамбыл облысында мас жүргізуші қашіп кетемін деп полиция көлігімен соқтығысқанын жаздық.