Жамбыл облысында мас жүргізуші жасырынам деп полиция көлігімен соқтығысты
Шу аудандық соты масаң күйінде көлік құралын басқарғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін жауапқа тартылған Н.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz Жамбыл соттарына сілтеме жасап.
«Сот 2025 жылғы желтоқсанда жүргізуші Шу ауданы Төле би ауылының аумағында Honda Odyssey автокөлігін масаң күйінде басқарғанын анықтады. Полиция қызметкерлерінің тоқтату туралы заңды талабын елемей, ол жасырынуға тырысып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, полицияның қызметтік көлігімен соқтығысуға жол берді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан полиция департаментіне материалдық шығын келтірілді», - делінген хабарламада.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес жүргізуші орта дәрежелі масаң күйде болған.
Сотта құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, оны қатаң жазаламауды сұрады.
Еске салайық, бұдан бұрын Үндістаннан келген студенттер Алматы маңындағы тасжолда жол апатынан қайтыс болғаны туралы жаздық.
Сот қаулысымен Н. ӘҚБтК 608-бабының 3-бөлігі және 613-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 23 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.