Ақтөбе облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты
Жол апаты 25 қаңтарда сағат 17:00-де «Ақтөбе – Орынбор» автожолының бойында Құрайлы ауылы маңында болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қазір полиция үш автокөлік соғылған жол-көлік оқиғасын тексеріп жатыр.
Әзірге белгілісі, «Honda Odyssey» автокөлігі Ақтөбе қаласынан Мартөк ауылына бара жатып, қарсы жолаққа шығып, сол бағытта жатқан «Hyundai Solaris» автокөлігімен соғылған. Соққыдан «Honda Odyssey» бағытын өзгертіп, қарсы бағытта келе жатқан ВАЗ-2110 автокөлігімен соғылады.
«Оқиға салдарынан ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы ауыр жарақат алып, сол жерде қаза тапты. «Honda Odyssey» автокөлігінің бір жолаушысы және ВАЗ-2110 автокөлігінің бір жолаушысы зардап шекті, оларға медициналық көмек көрсетілді», делінген хабарламада.
Қазір «Honda Odyssey» автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске сала кетсек, Жетісу облысында жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тапты.