Жетісу облысында жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тапты

Жетісу облысында жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тапты
Фото: видеодан алынған скрин

Ақсу ауданында «Көшкентал – Қапал» автожолының 4-шақырымында екі автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы автокөліктер соқтығысқан. Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы шығып, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілді. Оқиға 24 қаңтар күні шамамен сағат 15:30-да болған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам қаза тапты. Әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған 2 жолаушы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, барлық нұсқа қарастырылуда.

Тергеп-тексеру барысы Департамент басшылығының бақылауында», - делінген хабарламада.

Полиция қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтты.

«Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбай, арақашықтықты сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырамыз», - облыстық Полиция департаментінен.

Бұған дейін Маңғыстау облысында 50 адам мінген автобус аударылып, төрт адам қаза тапқан еді.