Былтыр 207 мыңнан астам адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алды

Бүгін, 14:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Былтыр 207 мыңнан астам адам арнайы мемлекеттік жәрдемақы алды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда ел алдындағы айрықша еңбегі үшін немесе төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, аталмыш жәрдемақыны алушылардың саны 207,2 адамды құрады, оларға 26,7 млрд теңге төленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл мемлекеттік қолдау түрі Қазақстанда 1999 жылы енгізілді және халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды элементі болып табылады.

АМЖ алуға құқылы азаматтардың 17 санаты Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен басқа мемлекеттердің аумағында өткен әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер; Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар; Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері; «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар; тыл еңбеккерлері; Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар; саяси репрессиялардың құрбандары, мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер; Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар.

Жәрдемақы мөлшері алушының санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке дейін өзгеріп отырады. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері жыл сайын АЕК мөлшерінің артуына байланысты, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіп бойынша көтеріліп отырады.

Айта кету керек, егер азамат бірнеше негіз бойынша АМЖ алуға құқылы болса, жәрдемақы тек олардың біреуі бойынша, өз таңдауы ескеріліп төленеді.

Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар да ҚР азаматтарымен тең дәрежеде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. АМЖ тағайындау үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беру керек.

Бұған дейін жұмысынан айырылған 354 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алғанын жаздық.