Биыл елдегі бірқатар қазандық пен жылу желілері жөнделеді – Энергетика министрлігі

Биыл елдегі бірқатар қазандық пен жылу желілері жөнделеді – Энергетика министрлігі
Фото: Оңалхан Өнерхан

2026-2027 жылдардың күзгі-қысқы кезеңдеріне дайындық аясында ҚР Энергетика министрлігі қазандықтар мен жылу желілерін жөндеу бойынша 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қарастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған жұмыс Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті мен Электр энергетикасын дамыту департаментінің қатысуымен жүргізіліп жатыр.

Күн тәртібінде 2025 жылғы жөндеу науқанының қорытындылары тыңдалып, жылумен жабдықтау саласындағы негізгі бағыттар мен мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ 2026 жылға арналған басым міндеттерді айқындау мәселелері қарастырылды. Соның ішінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру және 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 42 пайызға дейін төмендету негізгі басымдықтар қатарына қойылды.

«Қазіргі таңда еліміздің 11 өңірінен 33 субъектінің жоспары тыңдалды. Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай, Жетісу облыстары бар.

Тыңдау қорытындысы бойынша әрбір энергия кәсіпорнына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы аймақтық департаменттердің бақылауына жүктелді», - деді ведомстводан.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша республика көлемінде жалпы ұзындығы 323 шақырымды құрайтын жылу желілеріне қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде елдегі жылу желілерінің тозу деңгейі 52 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеді.

Бұған дейін елордадағы екінші жылу электр орталығының қазандықтары сағатына қанша көмір жағатынын жазған едік.