Елордадағы екінші жылу электр орталығы қазандықтары сағатына қанша көмір жағады
Астанадағы екінші жылу электр орталығының бас инженері Нұртілек Тасатхан 2-ЖЭО қазандықтарының сағатына қанша көмір жағатынын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бас инженердің сөзінше, қазандықтар сағатына бір вагон көмір жағып, 550 тонна бу береді.
Жалпы, екінші жылу электр орталығында 7 цех үздіксіз жұмыс істеп тұр. Соның ішінде турбина цехында 8 қазандық бар. Оның алтауы 420 тонна бу береді. Соңғы екі жаңа қазандық 550 тоннадан бу береді.

«Алдымен көмір беру цехына отын жеткізіледі. Бір вагон көмір аударылып, астыңғы жақта үгітіледі де, конвейермен жоғарыға, қазандыққа жөнелтіледі. Үгітілген көмір күндіз-түні үздіксіз жанып тұрады. Қазандықтар суды қайнатып, құрғақ буға айналдырып, оны турбина қондырғысына береді. Одан генераторға жалғанып, әрі қарай электр энергиясы бөлініп шығады», - деді Нұртілек Тасатхан.
Оның айтуынша, ЖЭО-дағы су пайдаланылған соң еш жерге төгілмейді, сіңіп те кетпейді. Бу қайтадан суға айналдырылып, ол қайтып қазандыққа беріледі. Әр жерден аққан жарамсыз судың орны ғана қайта толтырылып отырады. Жалпы, су буға, одан қайта суға айналып, орнына келіп отырады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2-ЖЭО тәулігіне қанша МВт және Гкал беретінін жазған едік.