Халықаралық жұмысты үйлестіру үшін қазақстандық волонтерлер БҰҰ құрылымдарына жіберілді
Елімізде волонтерлік пен азаматтық сектордың дамуы ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де оң серпін көрсетіп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған болатын.
Осы бастама аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Ұлттық ұйымдастыру комитеті құрылды, сондай-ақ халықаралық жұмысты үйлестіру үшін қазақстандық волонтерлер БҰҰ құрылымдарына жіберілді.
Сонымен қатар Қазақстан ТМД елдері волонтерлерінің жыл сайынғы форумын ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Алғашқы форум биыл Астанада өтеді.
Қазіргі кезде ел бойынша Ұлттық фронт-кеңсе мен 20 өңірлік фронт-кеңсе жұмыс істейді. Белсенді волонтерлер саны 300 мың адамға жуықтады. 56 волонтерлік жоба іске асып, 60 шағын грант берілді, 9 мыңнан астам игі іс жасалып, оған 40 мың адам қатысты.
«Азаматтық сектор күші де нығайып келеді. Қазақстанда 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген. 2025 жылы 1000-нан астам ҮЕҰ өкілінің қатысуымен XII Азаматтық форум өтті.
Ел бойынша 2200-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр. Қоғамдық кеңестер институтын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде құрамында шамамен 4000 азамат бар 264 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, азаматтық қоғам өкілдерінің үлесі 86 %-ға жетті», - делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Қазақстан ұсынысымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялағаны туралы жазған болатынбыз.