Қазақстан ұсынысымен БҰҰ 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады – Президент
Ауылдарымыз бен қалаларымыз таза, жасыл желегі мол әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз мемлекеттік маңызы айрықша «Таза Қазақстан» жобасын бір қоғам болып жүзеге асыра береміз. Ауылдарымыз бен қалаларымыз таза, жасыл желегі мол әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс. Бұл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ел дамуына қосқан ең үлкен үлесіміз болмақ. Біз осы тарихи межені нақты іспен атап өтеміз. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидатқа негізделген қоғамдық келісім мен тұрақтылық – барлық жетістігіміздің бастауы. Мемлекет алдағы уақытта да халықаралық құқыққа және ұлт мүддесіне сай келетін сындарлы әрі байыпты сыртқы саясат жүргізеді. Қазақстанның ұсынысымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Халықаралық еріктілер қозғалысы тілеулестік, мейірімділік сынды мызғымас адамгершілік құндылықтарын паш етеді. Бұл – біздің де халқымызға тән асыл қасиеттер. Жаңа жылдың маңызды өзгерістерге толы жыл болары сөзсіз. Бұл өзгерістердің қаншалықты жемісті болатыны өзімізге байланысты. Біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жетеді. Бұл, ең алдымен, халқымызға қажет», - деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауының толық мәтінін жарияладық.