Теңіз кен орны жақын арада іске қосылады - Энергетика министрлігі

Теңіз кен орны жақын арада іске қосылады - Энергетика министрлігі
Фото: atr.kz

Теңіз кен орнына қазіргі сәтте күштер мен барлық техникалық ресурс толық жұмылдырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Қазір энергетикалық нысандар мен электр энергиясын бөлу жүйелерін тексеру жүргізіліп жатыр.

«Ресми ақпаратқа сәйкес, нысанда қорытынды техникалық сынақтар өткізу үшін барлық қажетті персонал жұмылдырылған. Қазіргі таңда энергиямен жабдықтау жүйесінің қауіпсіз іске қосылуы расталды, Теңіз кен орны жақын арада іске қосылатын болады», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәлімдеуінше, «Теңізшевройл» компаниясына өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтай отырып, өндірісті барынша жедел қалпына келтіру міндеті жүктелген.

Сондай-ақ, 26 қаңтарда бүгін таңғы сағат 04:00-де Екінші буын зауыты сәтті іске қосылды. Зауыт Королев кен орнының шикізаты есебінен қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта шикізат ағыны тәулігіне 2,5 мың тонна. Мамандар жүйені толтыру және жобалық қуатқа шығу үшін мультифазалық ағынды беру көлемін жоспарлы түрде арттырып жатыр.

«Екінші буын зауытының сәтті іске қосылуына арнайы технологиялық өтпелі желі монтажының жедел аяқталуы септігін тигізді. Кестенің келесі маңызды кезеңі - 2 ақпан. Бұл күнге қарай компрессор мен төрт трансформаторды пайдалана отырып, Қысымды арттыру жүйелері арқылы жұмысты қайта жандандыру жоспарлануда. Бұл Технологиялық желілер кешені мен Екінші буын зауытына шикізатты толыққанды әрі тұрақты беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Барлық қалпына келтіру жұмыстарын тікелей Теңіз кен орнында жедел бақылау және үйлестіру мақсатында ведомство мен ұлттық компания басшылығы сол жерде тұрақты түрде жұмыс істеуде. Атап айтқанда, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі мұнай-газ жобалары департаментінің директоры Жандос Жылқайдаров бақылауды тікелей нысан басында жүзеге асыруда.

Еске сала кетсек, бұған дейін 18 қаңтарда болған технологиялық ақауды (газ турбиналық қондырғыларының өшуі) толық анықтау үшін құрылған арнайы комиссия жұмысқа кіріскенін хабарладық.