Теңіз кен орнындағы жағдайдың себептерін арнайы комиссия зерделеп жатыр

Теңіз кен орнындағы жағдайдың себептерін арнайы комиссия зерделеп жатыр
Фото: Энергетика министрлігі

«Теңізшевройл» өндірістік нысандарындағы қазіргі жағдайға қатысты Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«18 қаңтарда орын алған технологиялық ақауды (газ турбиналық қондырғыларының өшуі) толық анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, жұмысқа кірісті. Комиссия құрамына мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық департаменті, Атырау облысы әкімдігінің энергетика басқармасы, «KEGOC» және «Теңізшевройл» өкілдері кірді», делінген хабарламада.

Жағдай Энергетика министрлігінің бақылауына алынған. Қазіргі уақытта комиссия болған жағдайдың себептерін егжей-тегжейлі техникалық талдауда. Барлық ресми қорытындылар мен пікірлер тек комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жарияланады.
Айта кетерлігі, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың тапсырмасымен энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Теңіз кен орнына барды.

Еске сала кетсек, Қазақстан Каспий Құбыр Консорциумы бойынша мұнай тасымалдаудың шектелуіне байланысты экспорттық мұнайын тасымалдауды басқа бағыттарға ауыстырып жатыр.