Қазақстан экспорттық мұнайын тасымалдауды басқа бағыттарға ауыстырып жатыр

Бүгін, 10:09
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қазақстан экспорттық мұнайын тасымалдауды басқа бағыттарға ауыстырып жатыр
Фото: freepik.com

2025 жылдың соңында Каспий Құбыр Консорциумы бойынша мұнай тасымалдаудың шектелуіне байланысты Қазақстан мұнайын «ҚазТрансОйл» АҚ (ҚТО) жүйесі арқылы басқа экспорттық бағыттарға жөнелту бойынша жедел жұмыс жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚазМұнайГаз-ға сілтеме жасап.

«Шамамен 300 мың тонна мұнай ҚТО жүйесі бойынша экспорттық бағдарлар, соның ішінде Германия, Қытай, Баку-Тбилиси-Жейхан, Новороссийск және Усть-Луга порттары арқылы жеткізу үшін қайта бағытталды. 2026 жылғы қаңтарда Каспий Құбыр Консорциумының мұнай қабылдаудағы шектеуін ескере отырып, мұнайды қайта бағыттау жөніндегі іс-шаралар ары қарай жалғасады. Қазақстан мұнайын тасымалдаудың қосымша бағыттары бойынша жұмыс жалғасуда: 2025 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан мұнайын Германияға (Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына) жеткізуде өсу динамикасы байқалады. Тасымалдау көлемі 2,1 млн тонна болды. 2026 жылы 2,5 млн тоннаға дейін ұлғаяды деп күтілуде», - деп жазылған хабарламада.

Ақтау портынан Баку-Тбилиси-Жейхан бағдары бойынша қазақстандық мұнайдың 1,3 млн тоннасы тасымалданды. 2026 жылы көлемі 1,6 млн тоннаға дейін жетеді деп болжанып отыр.

Сонымен қатар, Қазақстан мұнайы экспорттық бағытқа - Қытайға тұрақты тасымалданып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-ға 1,1 млн тонна мұнай экспортталды.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Қара теңіздегі мұнай танкерлерін дронмен шабуылдау оқиғасына алаңдаушылық білдіргенін жаздық.