Сыртқы істер министрлігі Қара теңіздегі мұнай танкерлерін дронмен шабуылдау оқиғасына алаңдаушылық білдірді
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіреді, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің ресми өкілі осы орайда бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән беріп отырғандарын айтты.
«Қазақстан Республикасының қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы болып табылмайтынын, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын әрі энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өтеміз. Осыған байланысты аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін атап көрсетеміз.
Соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтеміз және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз», - деді өз мәлімдемесінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.
Еске салайық, бұдан бұрын Қара теңізде мұнай танкерлеріне қатысты оқиғаға қатысты ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің ресми хабарламасын жарияладық.