Қара теңіздегі мұнай танкеріне шабуыл: Қазақстанның экспорттық ресурстарына зиян келтірілмеді

Бүгін, 09:19
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қара теңіздегі мұнай танкеріне шабуыл: Қазақстанның экспорттық ресурстарына зиян келтірілмеді
Фото: freepik.com

Қара теңізде мұнай танкерлеріне қатысты оқиға бойынша ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі ресми хабарлама таратты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Энергетика министрлігі 13 қаңтарда Қара теңізде КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдайтын екі кемеде тіркелген келеңсіз оқиғалар туралы ақпаратты ресми түрде растайды.

«Мальта туымен жүрген «Matilda» танкері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қосалқы ұйымы арқылы жалға алынған және ҰҰА шабуылына ұшырағаны расталды. Кемеде жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Техникалық қызметтердің бағалауына сәйкес, танкер теңізде жүзуге қабілетті, кеменің корпусында аса қауіпті зақымдану анықталмаған», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, Либерия туымен жүрген «Delta Harmony» танкері де жүктеу жұмыстарына дайындық кезеңінде ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағаны расталды. Өрт шығып, ол жедел сөндірілген. Экипаж мүшелері зардап шекпеген. Оперативтік штаб деректеріне сәйкес, оқиға кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, жүк цистерналары бос болғандықтан, Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына зиян келтірілмеген.
«Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кеме иелерімен іс-қимылдарды жедел түрде үйлестіріп отыр», - делінген министрлік таратқан ақпаратта.