Астана қаласы тәулігіне қанша мөлшерде ауыз су қолданады

Астана қаласы тәулігіне қанша мөлшерде ауыз су қолданады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қала тәулігіне қанша көлемде ауыз суын қолданады? «Астана су арнасының» қуаты жеткілікті ме? Бұл туралы Elordainfo.kz тілшісі мамандардан сұрап білді.

Ақмола облысы Аршалы ауданында орналасқан «Астана» су қоймасы елорданың басты су көзі саналады. Су қоймасының терең тұсынан алынатын су қалалық «Астана су арнасы» кәсіпорнының үш сорғы-сүзгі станциясына келіп құйылады.

3 станцияның біріншісі 1960 жылдан бері жұмыс істеп келеді, 2017-2018 жылдары реконструкция жасалған. Сыртқы қаңқасы сақталып, құбырлары, сорғы-сүзгісі, жабдықтары жаңартылған. 2011 жылы іске қосылған екінші станцияны түрік компаниясы салған. Ал үшінші жаңа станция 2024 жылы ақпан айында пайдалануға берілген.

Бірінші станцияның қуаттылығы 200 мың текше метр болса, екінші және үшінші станциялардың қуаттылығы – 105 мың текше метрден. Яғни «Астана су арнасы» станцияларының жалпы қуаттылығы – тәулігіне 410 мың текше метр. Профицит – 50 000 текше метр. Яғни елорда қазіргі таңда тәулігіне 360 мың текше метр су қолданады.

Мамандардың сөзінше, жазғы маусымда және қыркүйек айында ауыз су көп мөлшерде пайдаланылады. Сол кезде су тапшылығын болдырмау үшін сорғы-сүзгі станцияларының 6 таза су резервуары қарастырылған. Резервуарлардың жалпы су қоры – 120 мың текше метр. Яғни бірінші және екінші станциядағы резервуар көлемі 80 мың текше метр болса, үшінші станциядағы резервуар сыйымдылығы – 40 мың текше метр. Бірақ бұл таза су қоры ұзақ уақыт сақталып тұрмайды. Күнделікті сорғылар арқылы қалаға жіберіліп отырады. Ал орнына үздіксіз қайта толтырылады.

«Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, мұндағы ауыз су қауіпсіз, зиянсыз әрі қолайлы.

«Қалаға берілетін ауыз су МЕМСТ 2874-82 және 2023 жылғы 20 ақпандағы № 26 санитарлық ережелерге сәйкес, эпидемиологиялық тұрғыда қауіпсіз, химиялық құрамы бойынша зиянсыз, ал органолептикалық көрсеткіштері жағынан қолайлы. Суды зарарсыздандыру – дезинфекциялау үшін натрий гипохлориті, ал тұндырып мөлдірлету үшін коагулянт қоспалары қолданылады», - деді «Астана су арнасы» МКК сорғы-сүзгі станциясының жетекші инженер-технологы Айқожа Тілеуғабылов.

Бұған дейін елімізде шаруаларға су беру қызметінің негізгі процестері цифрландырылып жатқанын жаздық.