Су үнемдеу: Қазақстанда шаруаларға су беру қызметінің негізгі процестері цифрландырылып жатыр
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу және су дипломатиясын дамытуға қатысты тапсырмаларын жүйелі түрде жүзеге асыра бастады. Тапсырманы орындау аясында бұдан былай «Қазсушар» РМК мен фермерлердің арасындағы келісімшарт тек қана электронды түрде жасақталатын болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Атап айтқанда, жыл басынан бері министрлік шаруаларға су беру бойынша келісімшарттарды электронды форматта жасауға көшуді қолға алды. Енгізіліп жатқан биллинг жүйесі аграршыларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерісті қамтиды.
Бұл туралы толығырақ Khabar телеарнасының «Өзекті» бағдарламасында Су ресурстарын ақпараттық талдау орталығының басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла айтып берді.
«Биылдан бастап Президенттің су үнемдеу және су дипломатиясын дамытуға қатысты тапсырмаларын жүзеге асырудың алғашқы қадамдарын жасап, биллинг жүйесі арқылы су тұтынушылар мен су беру қызметтері бойынша негізгі процестерді автоматтандырып, цифрландыруға өтіп жатырмыз. Бұдан былай «Қазсушар» РМК мен фермерлердің арасындағы байланыс тек қана электронды түрде жасақталады. Яғни өтініш беру, келісімшарт жасасу және есеп айырысу осы нормаға сәйкес беріледі», - деді Су ресурстарын ақпараттық талдау орталығының басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, оның айтуынша, су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға баса назар аударылып отыр. Бұл суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту маңызды.
«Егер ауыл шаруашылығы дақылын басқа дақылдарға өзгерту керек болса, бұл да «Қазсушар» мекемесінің келісімімен жасалады. Суды көп қажет ететін дақылдарға ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті әкімшілік бекіткен лимиттер бар. Сол лимиттерден артық су беруге болмайды. Мысалы Қызылордада, Түркістанда өсірілетін күрішті алайық. Бұл ылғалсүйгіш дақылдар екені белгілі. Біз мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына сәйкес, шаруаларды су көп пайдаланылатын дақылдардан басқа дақылдарға өтуді ынталандыруымыз керек. Бұл жұмыстардың барлығы рет-ретімен жүйелі атқарылып жатыр», - деді Қайратғали Хайрулла.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылдан бастап шаруаларға су беру келісімшарттары электронды форматта жасалатыны туралы жаздық.
Сонымен қатар, Үкіметте әкімдерге суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту тапсырылғаны туралы хабарладық.