Құтқарушылар Мыңжылқы шыңында зардап шеккен альпинисті эвакуациялады
Алматы қаласының «Медеу» ауданындағы теңіз деңгейінен 3630 метр биіктікте орналасқан Мыңжылқы шыңында құтқарушылар зардап шеккен альпинисті эвакуациялады, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«23-әмбебап құтқару бөлімшесіне альпинизм нұсқаушысынан 59 жастағы ер адам аяғын жарақаттап алғаны және биік таулы жерлерден өздігінен жүре алмай жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл көмек көрсету үшін 23-әмбебап бөлімшенің құтқарушылар экипажы, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының реанимобилі жедел түрде жіберілді. Құтқарушылар қысқа мерзім ішінде Мыңжылқы шыңына жетіп, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны қауіпсіз эвакуациялауды ұйымдастырды», - деді ведомстводан.
Апаттар медицинасы орталығының реанимобилі тәулік бойы жұмыс істеп, Шымбұлақ тау шаңғысы курортының жанында кезекшілік етеді.
Бөлімше ТЖМ министрі Шыңғыс Әріновтің және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен ашылған.
Естеріңізге сала кетейік, құтқарушылар өткен жылдың күзінде Алматы тауларында адасқан туристерді эвакуациялаған болатын.
Бұған дейін астаналық құтқарушылар пәтерде қамалып қалған балаларды 9-қабаттан құтқарғанын жаздық.