Астаналық құтқарушылар пәтерде қамалып қалған балаларды 9-қабаттан құтқарды

Бүгін, 09:12
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық құтқарушылар пәтерде қамалып қалған балаларды 9-қабаттан құтқарды
Фото: freepik.com

Астанада Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары пәтерде қамалып қалған балаларды құтқарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқиға елорданың «Сарыарқа» ауданындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде болды.

Анасы дәлізге шығып кеткен сәтте кішкентай балалар сыртқы есікті іштен қатты жауып, оны қайта аша алмаған.

«Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар альпинистік құралдардың көмегімен 11-қабаттың терезесінен 9-қабатқа төмен түсіп, 2021 және 2025 жылы туған балаларды аман-есен анасына тапсырды», - делінген хабарламада.

ТЖМ ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Бұған дейін Қазақстанда ТМД елдеріндегі ең биік таулы әмбебап құтқару бөлімшесі ашылғанын жаздық.