Үкіметте мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бүгін, 11:11
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Үкіметте мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Премьер-министр Олжас Бектенов ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы сынды бірлескен жобаларына қатысты бірқатар мәселе талқыланды.

Премьер-министр Теңіз жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірді. Қысқа мерзімде апат салдарын жедел жою және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау бойынша жеделдетілген жұмыстың маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар сондай-ақ, Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды талқылады. Олар маңызды инфрақұрылымдық нысанның тұрақты жұмыс істеуіне ортақ қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, кездесу барысында көмірсутек кен орындарын игеру тиімділігін одан әрі арттыру шаралары қаралды. Геологиялық барлауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында қойған міндеттеріне жауап береді.

Кездесуге қатысушылар осы жылға арналған өндірістік жоспарларға да назар аударды. 2025 жылы Келешекте кеңейту жобасының аяқталуына байланысты Теңіз кенішінде мұнай өндіру 39 млн тоннадан астам, Қашағанда – 18 млн-нан астам тоннаны құрады. Каспий құбыр консорциумы арқылы энергия ресурстарын жөнелтудің жалпы көлемі 70,5 млн тоннаны құрады, оның ішінде қазақстандық мұнай – 63,8 млн тонна.

Бұған дейін Олжас Бектенов салықтық әкімшілендіру бойынша кеңес өткізгенін жаздық.