Олжас Бектенов салықтық әкімшілендіру бойынша кеңес өткізді

Олжас Бектенов салықтық әкімшілендіру бойынша кеңес өткізді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Президент тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қаржы министрлігінің фискалдық саясатын дамыту және ақпараттық жүйелерді цифрландыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға құзырлы ведомстволар мен өңірлік мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары қатысты.

2025 жылға арналған мемлекеттік бюджет кірісінің орындалу қорытындылары қаралды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, кірістер жоспары 100,1%-ға орындалып, өткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 24,6 трлн теңге түсті. 

2026 жылғы 1 қаңтардан бері жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен 454 мың салық төлеуші оңайлатылған салық декларациясы бойынша өз қызметін растады; өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде 138 мың жеке тұлға тіркелген (оның 122 мыңы бұрын тіркелмеген). 7 мыңнан астам бизнес субъектісі жаңа ҚҚС төлеушілер ретінде есепке алынды. 

Премьер-министр мемлекеттік органдардың басым міндеті қызмет көрсету ісін дамыту, салық төлеушілерге ашықтық пен әділ көзқарас қалыптастыру екенін баса айтты. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшыларына негізгі жұмыс қағидаттары белгіленді.

«Әділ, ыңғайлы әрі түсінікті. Салық төлеу үдерісі дәл осылай болуы керек. Ішкі кірістер қызметінің қызметкерлері бизнестің серіктестері әрі кеңесшілері болуы керек. Жауапқа тарту шаралары тек кірісін қасақана жасырғандар үшін қарастырылған. Сондықтан 2026 жыл бүкіл ШОБ үшін өтпелі жыл болады; төлеудегі қателіктер үшін өсімпұлдар мен айыппұлдардың өндірілмейді. Сонда кәсіпкерлер бұл жылды өзгерістерге байсалды түрде бейімделу үшін пайдалана алады», — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа цифрлық архитектурасын енгізу, салықтық және кедендік әкімшілендіруді микросервистік модельге көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

МКК-нің фискалдық процестерін оңтайландыру мақсатында бұған дейінгі 12 ескірген ақпараттық жүйенің орнына 5 заманауи цифрлық платформа қолданысқа енгізілді. Бұл салық салу рәсімдерін жеңілдетуге, адал бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға және заң бұзушылықтарды бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді. 

Осы жылдың басынан бері салық салудың оңайлатылған режиміне көшу бойынша 500 мыңға жуық өтініш өңделді. Қазірдің өзінде мемлекеттік кірістер органдарының жаңа ақпараттық жүйелерінде салық есептілігінің 800 мың нысаны бар. Цифрлық сервистер шамамен 1,7 млн бизнес субъектісі қызмет көрсетеді. Күніне жүйеге орта есеппен 87 мыңнан астам салық төлеуші кіреді.

Оңтайландырудың басты артықшылығы – салық құжаттарын жылдам өңдеу, яғни 1 сағаттан 1 минутқа дейін қысқарту, онлайн төлемдер жүргізу, жүйенің қол жетімділігін арттыру және бір мезгілде кірген пайдаланушылар санын (100 мыңнан 250 мыңға дейін) көбейту. Кәсіпкерлерді қолдау және олардың тарапынан қателерді болдырмау үшін форматты-логикалық бақылау енгізілді.

Биылдан бастап ҚҚС бойынша декларацияларды автоматты түрде толтыру жүзеге асырылды, бұл бизнес үшін міндеттемелерін орындауды жеңілдетеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мәртебе автоматты түрде e-Saluq Business мобильді қосымшасы арқылы беріледі. 

Бұл ретте жаңа цифрлық құралдар тек салықтық және кедендік әкімшілендіру үшін ғана емес, сонымен қатар статистиканы қалыптастыру, өңірлер бойынша азық-түлік және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының, ЖЖМ қажеттіліктерінің мониторингі, жәрдемақыларды есептеу, субсидиялар беру, квазимемлекеттік сектордың заңсыз сатып алуларын болдырмау, құқық қорғау органдарының қызметі және тағы да басқалар үшін пайдаланылады.

Big Data бірыңғай аналитикалық платформасы 74 дереккөзден алынған мәліметтерді біріктіреді. Онда салық төлеушілер туралы барлық негізгі ақпараттар, соның ішінде жылжымайтын мүлік, көлік, жер учаскелері, қаржылық операциялар және валюталық бақылау шеңберіндегі халықаралық мәмілелер және тағы да басқалары бар. Аналитикалық құралдар 2025 жылы 700 млрд теңгеден астам салық пен төлемдердің қосымша түсімдерін қамтамасыз етті және бақылаудың нақтылығын арттырды.

Тапсырылған салық декларациялары мен берілген шот-фактуралар ашықтыққа жол ашып, заңсыз схемаларды қолдану белгілерін анықтауға қосымша мүмкіндік береді. Мысалы, Астанада кассалық тәртіпті бұзған салық төлеушілерді іріктеу жөніндегі жаңа сервисті пилоттық жоба ретінде енгізу нәтижесінде 121 мың салық төлеушінің 55,9 мыңы заң бұзғаны анықталды.

Қаржы министрлігінің басшылығы нақты мысалдар келтірді.

Жалған электрондық шот-фактураларды жазып беру белгісі бар салық төлеушілерге қатысты биометриялық сәйкестендіру модулін енгізу нәтижесінде 17,4 мың тәуекелді кәсіпорын анықталды. 30 млрд теңгеге ЭШФ заңсыз шығару мүмкіндігі тоқтатылды.

Цифрлық теңге бойынша ҚҚС-ны ашық және бақыланатын қайтаруды қамтамасыз ететін «Цифрлық ҚҚС» модулін іске қосу маңызды қадам болып отыр.

«Валюталық бақылау» екінші деңгейдегі уәкілетті банктер жүргізетін төлемдер туралы мәліметтерді алу үшін Ұлттық банктің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.

Халықаралық ұшуларды модельдеу жолаушылар ағынына алдын ала талдау жүргізуге және жеке тұлғалар мен тауарлардың қозғалыс заңдылықтарын белгілеуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бүгінгі таңда ЭЫДҰ (CRS) шеңберінде 80 елмен, АҚШ-пен (FATCA) және ТМД-мен (5 ел) резиденттердің кірістері мен шетелдегі мүліктері туралы мәліметтерді автоматты түрде алмасу бойынша халықаралық интеграциялар бар. Қабылданған шаралардың нәтижелері бойынша шамамен 6 млрд теңге көлемінде салық түсімі қамтамасыз етілді.

Процестерді автоматтандыруға, ашық әрі тиімді бақылау жүйесіне көшуге мүмкіндік беретін Keden ақпараттық жүйесін кезең-кезеңімен енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда жүйеде 12 мың пайдаланушы тіркелген, 1,4 млн транзиттік, 460 мың кедендік және шамамен 1,1 млн жолаушы декларациясы шығарылған.

Keden жүйесінің іске қосылуы транзиттік декларацияларды рәсімдеу уақытын 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқартуға, сондай-ақ іргелес бақылаушы қызметтермен өзара іс-қимылды автоматтандыруға мүмкіндік берді. Жалпы цифрландырылған дерекқор мен жүргізілген талдау нәтижесінде 2025 жылы бюджетке қосымша 115 млрд теңге сомасында кедендік төлемдер түсті.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға ауқымды цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Еске сала кетсек, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені белгіледі.