Қазақстанның ұлттық құрамасы Балқан математика олимпиадасына қатысады
3-8 мамыр аралығында Грекияның Салоники қаласында Балқан математика олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жарысқа Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Грекия, Солтүстік Македония, Черногория, Молдова, Румыния, Сербия және Түркия елдері тұрақты қатысып келеді. Сонымен қатар, жыл сайын Азия мен Еуропаның бірқатар мемлекеті қонақ ел ретінде шақырылады. Биылғы жарысқа барлығы 25 мемлекеттен 150-ден астам оқушы қатысады.
Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып жүрген Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық рейтингте өз орнын қалыптастырды.
Қазақстан құрамасының мүшелері:
Тимур Мұрат – Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 12-сынып оқушысы;
Батырхан Бейғанов – Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы;
Әли Еркебұланұлы – Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы;
Сұлтанәлі Алиасқар – Астана қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
Арнұр Аңсатов – Қызылорда облыстық С. Шаухаманов атындағы №9 «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
Бердібек Орынбасар – Атырау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Қазақстан құрамасының жетекшілері:
Асылбек Исахов - Қазақ-Америка университетінің президенті;
Мұхтар Қабақ - Назарбаев Зияткерлік мектебі «Астана-Нұра» филиалының маманы.

Балқан математикалық олимпиадасы қазақстандық оқушылар үшін Халықаралық математика олимпиадасына (IMO) дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Аталған дода 2026 жылғы 10-21 шілде аралығында Шанхай қаласында өтеді.
Еске сала кетсек, астаналық оқушылар Ұлыбританиядағы халықаралық чемпионатта топ жарды.