Астаналық оқушылар Ұлыбританиядағы халықаралық чемпионатта топ жарды
Ұлыбританияның Хэрогейт қаласында Institution of Engineering and Technology ұйымдастырған беделді UK First Lego League Championship халықаралық робототехника чемпионатында Қазақстан құрама командасындағы Астана қаласының оқушылары үздік нәтиже көрсетіп, бірден екі басты марапатты жеңіп алды. Оқушылар робот-ойын бойынша 1-орынды иеленіп, жарыстың үздік командасы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Чемпионатқа Ұлыбритания, Бразилия, Франция, Германия және Словакия сынды елдерден 68 команда қатысты. Команда бұл чемпионатқа Астанада өткен Central Asia First Championship турниріндегі сәтті өнер көрсетудің нәтижесінде жолдама алған.
Робот-ойыннан бөлек, қатысушылар «artifacts.kz» атты Қазақстандағы археологиялық артефактілердің онлайн-базасын ұсынды. Жоба аясында оқушылар идеядан бастап зерттеу, техникалық әзірлеу және профильді институттармен байланысқа дейінгі толық процесті көрсетті.
Жоба технологиялық деңгейімен ғана емес, ұлттық мәдени мұраны сақтауға қосқан үлесімен де жоғары бағаланды.
Бұған дейін елордалық оқушылардың республикалық олимпиадада үздік атанғанын жазған едік.