Астанада Бірлік күніне орай ұлттық мәдениет пен ас үй фестивалі өтті

Бүгін, 14:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада Бірлік күніне орай ұлттық мәдениет пен ас үй фестивалі өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақстан – бірлік мекені» атты ұлттық мәдениет пен ас үй фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Фестиваль Достық үйі алаңында ұйымдастырылып, алғаш рет елорданың 20-дан астам этномәдени орталығының өкілдері бас қосты.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанда тұратын этностардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен ұлттық тағамдарын таныстырды. Қонақтар ұлттық ас түрлерімен танысып қана қоймай, түрлі шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Фестиваль бағдарламасына этномәдени бірлестіктердің концерттік қойылымдары, сондай-ақ ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың қолөнер бұйымдарының көрмесі енді. Сонымен қатар келушілер үшін бүкіл отбасыға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мәдени мұраны насихаттау, ішкі туризмді дамыту және шағын әрі әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау арқылы қоғамдық келісімді нығайту болды.