Қазақстанда жасанды интеллект статистикалық деректерді жинаудан бастап оларды өңдеу мен талдауға дейінгі бірқатар процеске енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев «Ұлттық статистикалық жүйелерді дамыту: халықаралық стандарттар және технологиялық сын-қатерлер» панельдік сессиясында айтты.
ЖИ респонденттерге статистикалық нысандарды толтыруға көмектесіп, жіберілген қателерді түсіндіре алады. Ал Бюро қызметкерлері технологияны деректерді жіктеу мен тексеруге, ауытқуларды анықтауға және талдамалық материалдар дайындауға пайдалана алады.
Мемлекеттік органдар мен зерттеушілер үшін ЖИ қажетті деректерді жылдам іздеуге, оларды өзара салыстыруға және үрдістерді талдауға мүмкіндік береді.
«Бірақ мұнда бір маңызды қағидат бар – Human-in-the-loop. ЖИ маманға көмектеседі, күнделікті қайталанатын жұмыстарды өз мойнына алып, шешімдер ұсынады. Алайда кәсіби шешім үшін жауапкершілік адамда қалады», – деді Мақсат Тұрлыбаев.
Келесі кезеңде осы шешімдерді бірыңғай деректер платформасы негізінде бір ортаға біріктіру жоспарланып отыр. Онда бірыңғай жіктеуіштер, регистрлер мен әдістемелер қолданылмақ.
Бұған дейін цифрландыру нәтижесінде «Нұр Жолы – Қорғас» бағытында жүк көліктерінің кезек күту уақыты 30 күннен 3 күнге дейін қысқарғаны хабарланған еді.