Астанада қала сыртындағы айналма жолдың бір бөлігі жабылады

Астанада қала сыртындағы айналма жолдың бір бөлігі жабылады
Фото: ҚазАвтоЖол

Айналма жолдың Балқарағайдан Павлодар бағытына дейінгі жол учаскесі уақытша жабылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Айналма жолдың аталған учаскесінде 3-13 мамыр аралығында орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі.

«Жөндеу жұмыстары кезінде Балқарағай демалыс аймағының бұрылысынан бастап Павлодар бағытына шығатын көлік айрығына дейінгі жол учаскесінде көлік қозғалысы толықтай уақытша тоқтатылады. Жабылатын учаскенің ұзындығы 8 шақырым», деді «ҚазАвтоЖол» компаниясының Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Шыңғыс Мұратбекұлы.

Аталған аралықта жол жабынын алып тастап, екі қабатты асфальтбетон төселеді. Оған 25 жол жұмысшысы мен 66 арнайы техника жұмылдырылады.

Төменгі және жоғарғы асфальт қабатын төсеу арасында технологиялық үзіліс қарастырылған. Осы кезеңде көлік қозғалысы уақытша ашылады.