Елордада «Нұра» ауданы тұрғындары шахматтан сынға түсті

Елордада «Нұра» ауданы тұрғындары шахматтан сынға түсті
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай Астанадағы «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің аумағында шахмат турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Шахмат бәсекесіне 30-ға жуық қатысушы тіркеліп, блиц ережесі бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Елорданың «Нұра» ауданының тұрғындары өте белсенді. Әр ұйымдастырған шараға ерекше ықыласпен қатысады. Биыл спорттық жоспар аясында шахмат турнирін ересек, жастар және балалар арасында өткізуді ұйғардық. Алдағы айда асық ату мен бесасық сайысынан да жеңімпазды анықтаймыз. Басты мақсатымыз - тұрғындар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, бос уақытты тиімді ұйымдастыру», - деді жарыс ұйымдастырушысы Гүлнар Базарханова.


7 турдан тұратын сайыста әр жас санаты бойынша үздік үштіктер құлаққап, доп және медаль, арнайы грамотамен марапатталады.

«Шахматта бұрыннан ойнап келемін. Миды сергіту үшін таптырмас құрал. Шынымды айтсам, ауладағы жарысқа бірінші қатысып жатырмын. Ерекше формат. Мықтылар да жеткілікті», - деп турнир қатысушысы Қайрат Алинбаев өз әсерін бөлісті.

Айта кетейік, «Нұра» ауданында түрлі спорттық шаралар жыл бойы жалғасады.

Еске салайық, бұдан бұрын Астанада өткен спорт фестиваліне 6 жастан 93 жасқа дейінгі тұрғындар қатысқаны туралы жаздық.