Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады

Бүгін, 10:56
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады
Фото: instagram.com/maulen_ashimbayev

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Instagram парақшасында отандастарымызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Құрметті достар!

Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – татулық пен достықтың және өзара құрмет пен жасампаз құндылықтардың мерекесі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бірлік пен келісім – ел дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Қазіргідей сын-қатерлер заманында бұл қағидаттың мәні бұрынғыдан да арта түскенін көріп отырмыз. Сондықтан елдің ынтымағын нығайту – барша Қазақстан халқына ортақ міндет.

Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан ауқымды реформалардың табысты болуы да қоғамдағы береке-бірлікке тікелей байланысты. Шын мәнінде, ұлт мұраты жолында жұдырықтай жұмыла білсек қана көздеген мақсатымызға қол жеткізіп, Әділетті Қазақстан құрамыз.

Осы жолда әр қазақстандық «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол» шығарып, ауызбіршіліктің биігінен көріне береді деп сенемін.

Мерекемен құттықтай отырып, егемен елімізге және әр отбасына амандық, тыныштық, бақ-береке тілеймін!

Бірлік күні құтты болсын!», - деді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Президент Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтағаны туралы жаздық.