Астанада абаттандыру ережелерін бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау, қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және экологиялық құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осы бағыттағы бақылау барысында өрескел құқық бұзушылық деректері анықталды. Жүк көлігінің жүргізушілері рұқсат етілмеген орынға құрылыс қалдықтарын әдейі төккен. Алғашқы заңсыз әрекет сағат 13:30 шамасында тіркелсе, араға уақыт салып, сағат 15:00-де құрылыс қоқысы екінші рет төгілген. Бұл оның талаптарды саналы түрде елемегенін көрсетеді.
Құқық бұзушылық қаланың бейнебақылау жүйелері арқылы толықтай тіркеліп, құқық бұзушының жеке басы анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шаралар қабылданды», - делінген хабарламада.
Айта кету керек, мұндай әрекеттер қала келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға елеулі зиян тигізеді. Құрылыс қалдықтарын төгу – экологиялық мәдениеттің төмендігін және заң талаптарына немқұрайлы қарауды білдіреді.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын тазалықты сақтауға, қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Тазалық – ортақ жауапкершілік. Қаланы таза ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.