Мөлдір бұлақ: Астанада 100 адам Ақбұлақ арнасының жағалауын тазартты

Мөлдір бұлақ: Астанада 100 адам Ақбұлақ арнасының жағалауын тазартты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараның басты мақсаты – бұлақ көздерін ашу, оларды тазарту және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Аталған акцияға «Астана Тазалық» мекемесінің қызметкерлері мен еріктілер қатысты. Әр тараптан 50 адамнан қатысып, жалпы саны 100 адам табиғатты қорғау жұмысына атсалысты. Олар 3 шақырым аумақты тазалап, бұлақ маңын қоқыстан арылтты.

Бұл бастама қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты іс-қимылдың бірі болды.

Айта кету керек, елімізде еріктілер қозғалысы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары еріктілер саны айтарлықтай артып, бүгінде жүз мыңдаған азамат түрлі әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсенді қатысуда.