Туристік пойыз Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи объектілеріне барады
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Өзбек темір жолдарымен бірлесіп кезекті «Keruen Express» туристік пойызын ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
ҚТЖ-ның мәліметінше, маршрут туристерге екі елдің негізгі тарихи және мәдени объектілеріне баруға мүмкіндік береді. Осылайша, 130 астам жолаушы Алматыдан «Keruen express» туристік пойызымен «Алматы – Түркістан – Самарқанд – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша жолға шықты. Тур 1-6 мамыр аралығында жалғасады.
Туристік пойыз 4 купе вагонынан және 1 вагон-мейрамханадан тұратын отандық өндірістің заманауи жайлы вагондарынан құралған.
Бес күн бойы турға қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Түркістан өңіріндегі Отырар қаласын, Әмір Темір кесенесін және Самарқандтағы Регистан алаңын, Төле би кесенесін және Ташкенттегі хазірет Имам мемориалдық кешенін қоса алғанда, сәулет және тарихи ірі ескерткіштерді аралап көруге мүмкіндік алады.

Туроператорлар ұйымдастырған туристік пакеттің құнына пойызбен жүру, кәсіби гидтердің сүйемелдеуімен туристік бағдарлама, кіру билеті бар экскурсиялар және трансферлер кіреді.
Биыл осы бағыт бойынша бұл екінші туристік пойыз.
Еске салсақ, Алтынкөл – Жетіген теміржол учаскесін жаңғырту аяқталды.