Алтынкөл – Жетіген теміржол учаскесін жаңғырту аяқталды
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мердігер ұйыммен бірлесіп «Алтынкөл – Жетіген» теміржол учаскесін жаңғыртуды мерзімінен 8 ай бұрын аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында ұзындығы 293 шақырым «Алтынкөл – Жетіген» учаскесінде жұмыс толық аяқталды. 12 пункт пайдалануға берілді. Оның бесеуі жаңадан салынды, тағы 7-уі толығымен қайта жаңартылды. Басқаруды орталықтандырудың микропроцессорлық жүйесін енгізе отырып, жаңа қабылдау-жөнелту жолдарының құрылысы орындалды.
Аталмыш учаске Транскаспий халықаралық көлік бағыты халықаралық көлік маршрутының маңызды буыны болып саналады. Нәтижесінде учаскенің жүк өткізу қабілеті 80% артты.
Айта кетерлігі, бұған дейін 712 шақырымдық Қызылжар – Сексеуіл теміржол желісіндегі жұмыс мерзімінен бұрын аяқталған болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Ақсу – Жаңа –Семей, Маңғыстау – Бейнеу, Бейнеу – Шалқар, Қандыағаш – Әлімбет, Никельтау – Тобыл учаскелерін жаңғырту жүргізіліп жатыр. Жаңғыртылатын учаскелердің жалпы ұзындығы шамамен 3 мың шақырым, соның ішінде бүгінгі күні 900 шақырымы жаңартылды.
Еске салсақ, «Қызылжар – Сексеуіл» учаскесінде пойыздардың жылдамдығын арттыратын жаңа цифрлық жабдық пайдалануға берілді.