Елордада футболдан діни конфессиялар арасындағы турнир басталды
Астанада «Қазақстан футбол федерациясының діни конфессиялар арасындағы достық кубогы» атты футбол турнирі Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстан футбол федерациясының «Футбол үйінде» төртінші мәрте өтіп жатқан бәсекеге 9 конфессиядан 15 команда жиналды.
Айта кететін жайт, діни конфессиялар арасындағы турнир УЕФА-ға мүше елдер арасынан тек Қазақстан, Англия және Израильде ұйымдастырылады.
«Жылына екі мәрте турнир ұйымдастырамыз. Бірі көктемде өтсе, екіншісі қыс мезгіліне жоспарланған. Басты мақсатымыз — футбол арқылы Қазақстан халқының түрлі діни конфессияларының өкілдері арасындағы достықты насихаттау. Турнирдің идеясын 3 жыл бұрын Қазақстан футбол федерациясы мен діндерді зерттеу орталығы бірлесе отырып жасаған. Алдағы уақытта футбол жарысын халықаралық статусқа дейін жоғарылату идеясы бар», - деді «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының өкілі Олег Синяков.

Жарыста нақты фаворитті айту қиын. Мысалы, бірінші турнирде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Алаш» ұжымы чемпион атанса, екінші додада Католик шіркеуінің өкілдері топ жарды. Қазіргі сәтте турнирдің жеңімпазы «Әкелер кеңесі» ұжымы саналады.
«2025 жылы осы турнирде дебют жасап, алғашқы раундта-ақ жарыс жолын аяқтап едік. Биыл бір айдай арнайы дайындалдық. Турнирдің соңғы жағына дейін жетеміз деген үміттеміз. Бәсекелестік өте жоғары. Осындай турнирдің арқасында басқа да дін өкілдерімен тіл табысып, таныса аламыз. Себебі спорт сенім мен өзара түсіністікті нығайтатын әмбебап алаң ретінде қызмет атқарады», - деп Иса Мәсіхтің соңғы күндері әулиелер шіркеуінің «Лиахона» конфессиясының өкілі Томас Лук пікірін білдірді.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі 1996 жылдан бері тойланып келеді. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүреді.
«Мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының уақыт өткен сайын дұрыс екендігіне көз жеткізіп келе жатырмыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, әлемдегі жағдай тұрақталмай жатыр. Ал біздің жерімізде түрлі ұлт және дін өкілдері бейбіт өмір сүруде. Бүгінгі аладоп додасы — соның дәлелі. Дінде де салауатты өмір салтын ұстануға басымдық беріледі. Сондықтан жарыс бәсекелестікке толы болып, шын мықты жеңіске жетеді деген сенімдемін», — деп Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов ойымен бөлісті.
Діни конфессиялар арасындағы футболдың жеңімпаздары бүгін анықталады.

