Роберт Мшвидобадзе: Қазақстан спортшылары демалғысы келмейді

Роберт Мшвидобадзе: Қазақстан спортшылары демалғысы келмейді
Фото: Роберт Мшвидобадзе/ Instagram

Қазақстан дзюдо құрамасының бас бапкері Роберт Мшвидобадзе Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына дайындық барысы, спортшылардың жағдайы және алдағы ірі жарыстар жөнінде Elordainfo.kz сайтына пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

-Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына дайындықтарыңыз қалай болып жатыр?

- 22 сәуір – 1 мамыр аралығында арнайы физикалық дайындықты жетілдіру мақсатында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Негізгі тапсырмалар орындалды. Спортшыларымыз дайын десек болады. Осы жерде айта кететінім, біздің мақсатымыз – Лос-Анджелес жазғы Олимпиада ойындары. Оған дейінгі жарыстардың барлығы дайындық ретінде есептеледі.

-Астанадағы «Үлкен дулыға» бәсекесінде неге басты назар аударасыздар?

- Спортшылардың тактикасына, психологиялық дайындықтарына назар аударамын. Себебі, бір жыл бұрын құрамаға келгенде спортшылардың жоғарыдағы факторда мәселе бар екендігін байқағанмын. Өздеріңіз білетіндей, елорданың татамиінде 53 дзюдошымыз жүлдеге таласады. Олардың арасында 5-6-уы дебют жасамақ.

-2024 жылдың соңынан бері ұлттық құрамамен тығыз жұмыс істеп жатырсыз ғой. Қазақстан спортшыларының қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

- Жігіттер мен арулар да өте еңбекқор. Олар демалғысы келмейді. Үнемі маған жаттығу жасайық деп айтады. 

-Әлеуметтік желіде сіздердің жұмыстарыңызды сынап, нәтиже бермей жатыр деп сынап жатады ғой. Сындықалай қабылдайсыз?

- Кез келген жүйені спортшылар бірден бойына сіңіре алмайды. 2-3 ай бұрын ғана олар ақырындап бейімделе бастады. Жеке өзім әлеуметтік желіні қарамаймын. Менің мақсатым – Лос-АнджелесОлимпиадасына жігіттер мен аруларды толық бабында апарып, жүлде алу. Одан кейін әлеуметтік желідегі пікірлерге назарымды аударармын.

-Жазғы Азия ойындарына құрам қалай жасақталады?

- Барлығы спортшылардың өзіне тікелей байланысты. Әрқайсысына мүмкіндік беріліп жатыр. Кім өзін көрсетеді және бабында болады – cол Жапонияда ел намысын қорғайды.

-Жапонияда жүлде алу жағынан қандай да бір міндеттеме қойыла ма?

- 2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының өкілдері 1 күміс, 4 қола медаль иеленген. Енді сол көрсеткіштен асуға тиіспіз. Бәселестік жоғары болатындығы анық. Мысалы, 2025 жылғы жаһандық додада 15 жүлде жиынтығы салынып, Азия құрлығынан Жапония мен Оңтүстік Корея елі 7 алтын медальді алды. Бірақ менің шәкірттерім де есесін жібермейді деп сенемін.

-Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтың қайта оралуы көпшілік асыға күтіп жүр. Оның жағдайы қалай?

- Ол жақында ғана кезекті отасын жасады. Ақырындап өз формасына кіріп келе жатыр. 2 апта бұрын жаттығуға кірісті. Елдос жоғары деңгейіне шығу үшін әлі көп еңбектенуі керек. Алдағы уақытта ол 60 келіде қала береді.

-Ұлттық құраманың басы-қасында жүрсіз ғой. Қай салмақта бәсекелестік жоғары екен?

- 60 және 81 келіде бәсекелестіктің деңгейі өзіме ұнайды. Қалған салмақтар да жаман емес.

-Жақында ғана Азия чемпионы атанған Әділет Алматты неге тізімге қоспадыңыздар?

- Әділет 2026 жылдың өзінде төрт жарысқа қатысып үлгерді. Бапкерлік штабпен ақылдаса отырып, оған демалыс беруді жөн деп шештік. 

-Астанаға көп елдің көшбасшылары келмейді деп естіп жатырмыз. Бұл сіздердің жүлде алу мүмкіндігін арттыра ма? Қандай жоспарларыңыз бар?

- Қазақстанға келетін спортшылар да бұрыннан бері дзюдомен айналысып жүр. Ешкімді менсінбеуге болмайды. Мысалы, 2025 жылы қазақстандық дзюдошылар 9 бірдей жүлде алды. Бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Таңғалғанбыз. Сондықтан алдын ала тон пішпей-ақ қояйын. Барлығын татами көрсетеді.