Шерзод Пулатов: Этносаралық келісім – ел тұрақтылығының негізі

Шерзод Пулатов: Этносаралық келісім – ел тұрақтылығының негізі
Фото: Шерзод Пулатовтың жеке мұрағатынан

Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің қоғам үшін маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қазақстан халқының бірлігі күні – біздің орталық үшін ерекше маңызы бар мереке, өйткені ол елдегі барлық этностарды біріктіретін, ортақ құндылықты дәріптейтін және қоғамдық келісімді нығайтатын символдық күн болып саналады. Бұл мереке аясында біз өз мәдениетімізді таныстырып қана қоймай, басқа этностардың дәстүрлері мен мәдениетіне құрмет көрсету арқылы «бірлік көптүрлілікте» қағидатын нақты іспен дәлелдейміз. Сонымен қатар бұл күн этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөлін арттырып, азаматтық бірегейлік пен ортақ жауапкершілік сезімін күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Шерзод Пулатов.

Оның айтуынша, Астанадағы өзбек этномәдени орталығы этносаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығы этносаралық келісімді нығайтуда белсенді қоғамдық институт ретінде мәдени-гуманитарлық және ағартушылық бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Біз ұлттық мерекелерді ұйымдастыру, тіл мен дәстүрді дамыту, жастарды тәрбиелеу және қайырымдылық жобаларды іске асыру арқылы қоғамдағы өзара түсіністік пен сенімді арттыруға үлес қосамыз. Сонымен қатар, орталық мүшелері медиация және этномедиация алаңдары арқылы диалог мәдениетін дамытуға қатысады. Жастарды белсенділікке тарту, сондай-ақ ортақ мәдени және білім беру жобалары арқылы азаматтық бірегейлікті нығайту да – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Осылайша, орталығымыз өз қызметі арқылы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға нақты үлес қосып келеді», – деді Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы.