Қызылордадағы ауруханада қайтарылған активтер есебінен инфекциялық бөлімше салынды
Қызылорда облысының Арал ауданында көпбейінді аудандық орталық ауруханада 25 төсектік инфекциялық бөлімше ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа бөлімше жіті инфекциялық аурулар кезінде ересектер мен балаларға жедел медициналық көмек көрсетуге, ерте анықтау және емдеуді бастау арқылы аурудың асқынуы мен ауыр ағымының қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Инфекциялық бөлімшенің құрылысы 2,3 млрд теңге сомаға қайтарылған активтердің есебінен қаржыландырылды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде аудандық ауруханада кардиологиялық қосымша құрылыс жұмыстары аяқталды. Осы мақсаттарға қайтарылған активтердің есебінен 2,1 млрд теңге бөлінді. Соңғы жылдары аурухана үшін 206 млн теңгеге медициналық жабдық сатып алынды, бұл материалдық-техникалық базаны айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік берді. Енді аудан тұрғындары облыс орталығына немесе басқа қалаларға бармай-ақ тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған медициналық көмек ала алады», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Қызылорда облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытуға 450,1 млрд теңге жұмсалған.
Бұған дейін қайтарылған активтердің 148 млрд теңгесі денсаулық сақтау нысандарын салуға бағытталғанын жаздық.