Елімізде жетім балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі есеге азайды

Бүгін, 13:27
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елімізде жетім балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны екі есеге азайды
Фото: freepik.com

2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3 мың жетім бала отбасыларға орналастырылды. Осы шара аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қамқоршылардың сенімділігін бағалау мен бақылаудың жаңа моделін енгізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

«Институционалдық емес көмекке көшу қарқыны соңғы 10 жылдың статистикасынан анық байқалады. Мәселен, осы кезеңде еліміздегі интернаттық ұйымдар желісі 24%-ға қысқарып, ондағы тәрбиеленушілер саны 54%-ға азайды.

Отбасылық тәрбиелеу формаларына көшу қорғаншылық және қамқоршылық органдары жұмысының сапасын арттыруды талап етті. Осыған байланысты аталған органдардағы мамандар саны 3,3 есеге ұлғайып, 303 қызметкерден 1 028 маманға дейін артты. Бұл әрбір отбасына жеке сүйемелдеу көрсетіп, балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік берді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 2025 жылдан бастап заңды өкілдерді іріктеу талаптары күшейді. Енді қамқоршылар міндетті түрде жыл сайын кешенді тексеруден өтеді. Тексеру табыс көздерінің расталуын, денсаулық жағдайын, тұрғын үй жағдайының сәйкестігін және соттылығының болмауын қамтиды. Кез келген тәуекел факторлары, оның ішінде заңды өкілдің сотқа тартылуы немесе психоневрологиялық немесе наркологиялық диспансерге есепке алынуы қамқоршылық міндетінен дереу шеттетуге негіз болады.

Балаларды қолдаудың баламалы тетігі ретінде тәлімгерлік институты да жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде еліміздің 20 өңірінде 360-тан астам тәлімгер бар. 2025 жылдан бастап тәлімгерлер үшін міндетті кәсіби сертификаттау енгізілді. Бұл ретте баланың туыстық байланыстарын сақтау негізгі басымдық болып қала береді, сондықтан ең алдымен оны жақын туыстарына орналастыру мүмкіндігі қарастырылады.

Қазіргі таңда елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 20 798 бала бар, олардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде.