Цифрландыру бойынша Астанада 2026 жылы қандай жұмыстар атқарылады

Цифрландыру бойынша Астанада 2026 жылы қандай жұмыстар атқарылады
Фото: Евгений Ткаченко

Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы жоспар туралы сөз қозғады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, тұрғындарға ыңғайлы цифрлық және ЖИ шешімдерін дамыту; қаланың қауіпсіздігін аналитика және технология арқылы арттыру; цифрлық шешімдерді жылдам масштабтау үшін тұрақты инновациялық экожүйені қалыптастыру 2026 жылғы басты басымдықтар қатарында тұр.

«Smart Astana мобильді қосымшасы 70-тен астам қалалық қызметті біріктіреді және 30 мыңнан астам белсенді пайдаланушы тіркелді. Ең көп қолданылатын қызметтер – «Есірткіге жол жоқ» және «ИнваТакси». Астанада инсульт диагнозын қою уақытын 5 минутқа дейін қысқартатын Cerebra AI жүйесі енгізілді. Сондай-ақ 23 көппәтерлі үйдің құрылыс және жөндеу процестері цифрлық мониторинг жүйесі арқылы бақыланды», - деді спикер.

Ал байланыс сапасын арттыру үшін 16 тұрғын аудан және 12 мыңнан астам жеке үй оптикалық желілерге қосылған. Бүгінде 377 5G базалық станциясы жұмыс істейді.

Айта кетейік, биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланған болатын.

Бұған дейін цифрландыру бағытында 2025 жылы Астанада қандай жұмыстар жүргізілгенін жаздық.